Алматы қалалық клиникалық ауруханасы №8 жаңа эпидемиологиялық маусымға дайындық жұмыстарын аяқтады. ДСЭК пен Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бірлескен бұйрығына сәйкес, медициналық ұйым ұжымы нұсқаулықпен танысып, алдын алу шараларын жүзеге асыруға нақты алгоритм әзірледі.
Стационарда госпитализация кезіндегі бақылау ерекше күшейтілді: әрбір науқас ЖРВИ мен тұмау белгілерін анықтау мақсатында қосымша сұраудан өтеді. Барлық бөлімшелерде санитарлық тәртіп күшейтілді — орынжайларды жүйелі түрде дезинфекциялау, ауаны зарарсыздандыру, қызметкерлер үшін қатаң маскалық режим енгізілді. Бұл шаралар инфекцияның бөлімшелерге әкелініп таралу қаупін барынша азайтуға бағытталған.
Емханада басты назар вакцинацияға аударылды. 2 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталады. Егу кабинеттері дайындап қойылды, тәжірибелі мамандардан құралған бригадалар жасақталды, вакциналар мен дәрі-дәрмектер қоры қалыптастырылды. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін емхананың жұмыс кестесі өзгертілді, пациент ағындарын бөлу қарастырылды және үйге шығатын қызметтердің жұмысы күшейтілді.
Сонымен қатар, №8 ауруханасында вирусқа қарсы препараттар, жеке қорғаныс құралдары және қажетті жабдықтардың стратегиялық қоры жасақталды. Бұл аурухананың эпидемиологиялық жағдайдың кез келген сценарийіне дайын болуын қамтамасыз етеді.
Осылайша, №8 қалалық клиникалық аурухана ЖРВИ мен тұмау маусымына қалалық денсаулық сақтау жүйесінің сенімді серіктесі ретінде кіреді: жүйелі іс-әрекет жоспары, нақты ресурстар және кез келген жедел шақыруға оперативті жауап беру дайындығы бар.













