Әнұран — мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Гимн» термині грек тіліндегі «gimneo» сөзінен шыққан және «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн — ел азаматтарының қоғамдық-саяси бірлігін нығайтуда және этномәдени бірегейлігін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын дыбыстық рәміз.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміздің Мемлекеттік Гимні екі рет — 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Республика мемлекеттік егемендікке қол жеткізгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне конкурс жарияланды. Конкурс қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық нұсқасын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша, Қазақстанның алғашқы гимні музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Үздік мәтінге арналған конкурста белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаевадан құралған авторлық ұжым жеңіске жетті.
Еліміздің дыбыстық рәмізін кеңінен дәріптеу мақсатында 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Гимн қабылданды. Оның негізіне халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні алынды. Әнді 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған. Әнге Мемлекеттік Гимннің жоғары мәртебесін және салтанатты сипат беру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастапқы мәтінге өзгерістер енгізді. Қазақстан Парламенті 2006 жылғы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзетулер енгізіп, еліміздің жаңа Мемлекеттік Гимнін бекітті.

Авторы слов: Жумекен Нажимеденов, Нурсултан Назарбаев
Автор музыки: Шамши Калдаяков
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!










