
Елтаңба — мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. «Герб» термині неміс тіліндегі «erbe» (мұра) сөзінен шыққан және символдық мән берілетін бейнелер мен заттардың үйлесімінен тұратын мұрагерлік айырым белгіні білдіреді.
Тарихи деректер қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген қола дәуірінің көшпелілері өздерін ерекше нышан — тотем арқылы танытқанын көрсетеді. Оның графикалық бейнесі кейіннен «таңба» деп аталған. Бұл термин алғаш рет Түрік қағанаты дәуірінде қолданыла бастаған.
Егемен Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары — белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек пішінді. Бұл — Ұлы дала көшпелілері ерекше қастерлеген өмір мен мәңгіліктің нышаны.
Мемлекеттік Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі — көгілдір аядағы шаңырақ бейнесі. Одан күн сәулесіндей жан-жаққа уықтар таралады. Шаңырақтың оң және сол жағында аңыздағы қанатты тұлпарлардың бейнелері орналасқан. Жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздағы тұлпарлардың бейнелері және «Қазақстан» жазуы алтын түстес.
Шаңырақ — пішіні аспан күмбезіне ұқсайтын, киіз үйдің құрылымын біріктіретін негізгі бөлігі әрі Еуразия көшпелілерінің дәстүрлі мәдениетіндегі тұрмыс-тіршіліктің басты элементтерінің бірі. Республиканың Мемлекеттік Елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі — елімізде тұратын барлық халықтардың ортақ үйі мен біртұтас Отанының нышаны. Шаңырақтың беріктігі мен тұрақтылығы оның барлық уығының сенімділігіне байланысты болғаны сияқты, Қазақстанның тұрақты дамуы да әрбір азаматтың әл-ауқатына байланысты.
Мемлекеттік Елтаңбадағы аңыздағы қанатты тұлпарлар — негізгі геральдикалық элементтердің бірі. Жылқы бейнесі ежелден батылдық, адалдық және күш-қуат ұғымдарын білдірген. Қанаттар Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты әрі өркендеген мемлекет құру жөніндегі ғасырлар бойғы арманын бейнелейді. Олар ой тазалығын, ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылысты білдіреді. Тұлпарлардың алтын қанаттары алтын масақтарды да еске салып, қазақстандықтардың еңбекқорлығы мен елдің материалдық әл-ауқатын бейнелейді.
Өткен ғасырларда мүйіздер көшпелілердің ғұрыптық рәсімдерінде, сондай-ақ жауынгерлік тулардың ұшын безендіру үшін кеңінен қолданылған. Әртүрлі жануарлардың мүйіздері арқылы бейнеленген көктің шапағаты, жердің құнарлылығы және жауынгерлік сәттілік нышандары түрлі халықтардың символдық композицияларында маңызды орын алған. Осылайша, молшылық мүйізі бар қанатты тұлпар — терең мағыналық және тарихи тамыры бар маңызды бейне.
Республиканың Мемлекеттік Елтаңбасындағы тағы бір белгі — бес бұрышты жұлдыз. Адамзат бұл нышанды ежелден пайдаланып келеді. Ол адамдардың ақиқат нұрына, асқақ әрі мәңгілік құндылықтарға деген тұрақты ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік Елтаңбадағы жұлдыз бейнесі қазақстандықтардың әлемнің барлық халқымен ынтымақтастық пен әріптестікке ашық ел құруға деген ниетін көрсетеді. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдеріне ашық.
Мемлекеттік Елтаңбада қолданылатын негізгі түс — байлықтың, әділдік пен кеңпейілділіктің нышаны болып саналатын алтын түс. Сондай-ақ алтын түспен үйлесетін Мемлекеттік Тудың көгілдір түсі де бар. Ол ашық аспанды, бейбітшілік пен амандықты бейнелейді.










